Махмұд Сабырхан мен Хасанбой Дусматов рингте жолығуы мүмкін

Махмұд Сабырхан мен Хасанбой Дусматов рингте жолығуы мүмкін
Бокс

KBF

Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан мен Өзбекстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов болашақта қарсылас атануы мүмкін. Бұл туралы бапкер Ільяс Оралбеков «Күнгей.kz» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. 

Маманның айтуынша, өзбек боксшысы алдағы уақытта 55 келі салмақ дәрежесіне өтуі ықтимал. Қос мықтының бойы мен физикалық мүмкіндігі шамалас болғандықтан, бұл жекпе-жек көрермендер үшін қызық болары анық. Десе Оралбеков Сабырханның жеңіске жету әлеуетін жоғары бағалады.

«Бұл жерде бәрін жас емес, рингтегі жұмыс көлемі мен тактика шешеді. Махмұд өте жылдам, соққылары әртүрлі бағыттан келеді — жоғарыдан, төменнен, қапталдан. Ал Дусматов көбіне жанынан ұруға сүйенеді. Махмұд қажет болса қорғана алады, шабуылға да шыға алады. Егер сабыр сақтап, өз боксын көрсете білсе, жеңіс біздің жақта болады», — деді ол. 

Айта кетейік, Хасанбой Дусматов 2024 жылғы Париж Олимпиадасында 51 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Сәкен Бибосыновты төрешілер шешімімен жеңіп, Қазақстан құрамасын жүлдесіз қалдырған болатын.