Қазақстандағы үздік үш стадионның қазіргі жағдайы қандай?

Panorama of the Astana Arena.jpg
Осыдан отыз жыл бұрын қазақ футболы сапалы стадиондарға мұқтаж еді. Бірі жөндеуді қажет етсе, бірі халықаралық талаптарға мүлде сай келмейтін. Бүгінде жағдай біртіндеп өзгеріп келеді – жаңа нысандар бой көтеріп, ескі стадиондар жаңартылуда.
Сөзіме тұздық болсын, Қазақстандағы ең үлкен стадион елордада орналасқан. 30 мыңға жуық жанкүйерге арналған «Астана Арена» көпфункционалды спорт кешеніне жатады. Мұнда футболдан бөлек, түрлі концерттер мен халықаралық жарыстар өткізуге де ыңғайлы. Ерекшелігі – жауын-шашынды күнде небәрі 20 минутта жабылатын жылжымалы шатыры бар.
Аталған нысан қаншалықты көзтартарлық болса, шығыны да соншалық көп. Астананың ызғарына төтеп беретін стадионға жөндеу жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады.
Мысалы, 2020 жылы Tengrinews.kz «Астана Аренаның» шатыры қалың қардың салмағына шыдамай құлағанын хабарлаған еді. Дәл осындай жағдай 2022 жылы «Астана» мен «Шахтер» арасындағы Қазақстан чемпионатының алғашқы турында қайталанды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Бұған қоса, «Астана Арена» көпфункционалды болғандықтан жиі концерттер ұйымдастырылады. Былтыр Көшпенділер ойындарынан кейін біраз уақытқа дейін стадионның алаңы жарамсыз күйде қалса, биыл Дженнифер Лопестің концерті кезінде нысан тағы да қатты жүктемеге түсті.
Ел футболы алға жылжыған сайын, инфрақұрылымдағы кемшіліктер де айқын көріне бастады. Мәселен, былтыр Алматы қаласының Орталық стадионында UEFA Конференция лигасы аясында «Астана» мен «Челси» кездесті. Бұл туралы Liter.kz желтоқсанның аязды күнінде өткен матчта алаң төбесі жабылмағандықтан, футболшылар күн райына қарамастан ойнауға мәжбүр болды. Ал, жанкүйерлер орындыққа емес, эмоцияға сүйеніп, матчты тік тұрып тамашалауға тура келгенін, хабарлаған болатын.
Биыл бұл алаң тағы да сынға қалды – алматылық «Қайрат» корольдік клуб «Реалмен» кездесіп, жасыл алаңның жағдайы ойыншыларға қолайсыз болды. Кейіннен шұғыл түрде көгал мамандарының көмегімен мәселе шешілді.
1958 жылы салынған стадион бірнеше рет жөнделгенімен, ескінің аты ескі. Дегенмен, дәл осы алаңда жанкүйер рухы ешқашан өшкен емес. Алматылықтар қазір қалаға жаңа, заманауи 35 мың орындық стадион салынатынын үлкен үмітпен күтіп отыр.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 10 жаңа стадионның құрылысы басталды. Солардың бірі – Қызылорданың сол жағалауында бой көтерген 11 мың орындық жаңа стадион.
Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын кешен тек футболмен шектелмейді: мұнда бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары бар. Стадион UEFA-ның 4-санатына сәйкес келеді. Табиғи көгалға ұқсас жасанды төсеніш, заманауи жарық және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл нысан халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Қазақ футболының деңгейі алаңдағы ойынымен ғана өлшенеді десек, қателескеніміз. Қай спорт түрі болмасын, оның алға жылжуына инфрақұрылымның рөлі зор. Соңғы жылдары жаңа нысандар салынып, ескілері жөнделіп жатқанымен, кейбір стадиондар әлі де заман талабына сай емес. Мұның бәрі ел имиджініне кері әсер етеді. Сондықтан, футбол алаңы тегіс болса, ойын да, үміт те алға домалайтынын ұмытпағанымыз абзал.