Жәнібек Әлімханұлы – Эрисланди Лара жекпе-жегінің уақыты белгілі болды

qazaqstyle
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 КО) келесі жекпе-жегінің уақыты мен өтетін орны белгілі болды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Белгілі спорт журналисі Дэн Рафаэльдің мәліметінше, Әлімханұлы орта салмақтағы кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 КО) 6 желтоқсанда АҚШ-тың Техас штаты, Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center аренасында жұдырықтасады.
Бұл айқас WBO, IBF және WBA нұсқалары бойынша орта салмақтағы чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегі болмақ. Кеш PBC PPV форматында өтеді және басты бокс шоуларының бірі ретінде ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, бокс кешінің негізгі жекпе-жектерінің бірі ретінде мексикалық Айзек Крус (28-3-1, 18 КО) пен америкалық Ламонт Роуч кіші (25-1-2, 10 КО) WBC нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы чемпиондық атақ үшін жұдырық түйістіреді. Шоу Қазақстан уақыты бойынша 7 желтоқсан таңында басталады.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет сәуір айында Астанада француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгемен (14-1, 9 КО) кездесіп, бесінші раундта нокаутпен жеңіске жеткен болатын.