Жәнібек Әлімханұлы желтоқсанда Ларамен кездесуі мүмкін: Кроуфорд орта салмаққа көз тікті

Ашық дереккөзінен
Қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының келесі айқасы қашан өтетіні белгілі бола бастады.
АҚШ-тағы белгілі бокс сарапшысы әрі комментатор Дэн Каноббионың сөзінше, орта салмақтағы әлем чемпиондарының арасында алдағы үлкен жекпе-жек осы жылдың желтоқсан айында өтпек. Онда WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы кубалық WBA чемпионы Эрисланди Ларамен күш сынасады деп күтілуде.
Бұл жекпе-жектің жеңімпазы орта салмақтағы үш тұжырым бойынша чемпион атанады. Ал қалған төртінші белбеу, яғни WBC титулы, әзірге доминикандық Карлос Адаместің қолында.
Сарапшылардың пікірінше, егер Әлімханұлы мен Лара арасындағы кездесу жоспарланғандай өтсе, келесі жылы америкалық жұлдыз Терренс Кроуфорд орта салмаққа өтіп, абсолют чемпиондық атақ үшін күреске қосылуы ықтимал.
— Кроуфорд кез келген сәтте орта салмаққа өтіп, чемпиондық белбеулер үшін бәсекеге араласа алады. Немесе ол бұрынғыдай сәл күтіп, Әлімханұлы, Лара және Адамес арасындағы мықтыны анықтап алған соң, ең күштісіне қарсы келесі күзде жұдырықтасуы мүмкін, — деді Дэн Каноббио Inside Boxing подкастында.