Бокстан ел чемпионатына 371 спортшы қатысады

KBF
14–21 қазан аралығында Семей қаласындағы «Abai Arena» спорт кешенінде бокстан ересектер арасындағы ел чемпионаты өтеді.
Биылғы біріншілікке еліміздің 20 өңірінен 371 спортшы қатысады. Олардың 246-сы ерлер, қалған 125-і әйелдер арасында қолғап түйістіреді.
Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі — World Boxing ұйымының жаңа салмақ дәрежелері мен ережелері бойынша өткізіледі. Бұл өзгеріс ұлттық құраманың халықаралық талаптарға сай бейімделуін және Олимпиадалық форматқа жақындай түсуін көздейді.
Ерлер мен әйелдер арасында жекпе-жектер 10 түрлі салмақ санатында өтеді. Ал турнир қорытындысы нәтижесінде Қазақстан құрамасының жаңа құрамы жасақталмақ.
Айта кетейік, Ливерпульде өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бұл жарыстан босатылған. Сондықтан Семей рингінде жаңа есімдердің жарқырап шығуына үлкен мүмкіндік бар.