Дастан Сәтпаевтың атын жамылған алаяқтар қазақстандықтарды алдамақ болды

Дастан Сәтпаевтың атын жамылған алаяқтар қазақстандықтарды алдамақ болды
Футбол

KFF

Желіде "Қайрат" клубының жас ойыншысы Дастан Сатпаевтың атынан ашылған жалған аккаунт тарап кетті. 

Онда бейтаныс адамдар ел азаматтарынан белгілі бір банк картасына ақша аударуды сұраған. Алайда 17 жастағы футболшы өзінің ресми парақшасында бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.


— «Бұл — фейк аккаунт. Ешкімге ақша жібермеңіздер», — деп жазды ол.

Белгілі болғандай, жалған парақша көпшілікті шатастыру үшін ойыншының фотолары мен бейнелерін тұрақты түрде жариялап келген. Қазірдің өзінде оған 65 мыңнан астам адам жазылып үлгерген. 

Нақты парақшаны фейктен ажырату үшін бірнеше белгі бар: Дастанның ресми парақшасында 200 мыңнан астам оқырман бар және онда клуб пен футбол федерациясының бірлескен жазбалары жиі кездеседі. Сондай-ақ, ойыншының “Челсиге” ауысқаны туралы жаңалық та сол парақшаның басты бетінде бекітілген. 

Айта кетейік, соңғы уақытта қазақстандық футболшылардың танымалдығы артқан сайын, олардың атын жамылған алаяқтар да көбейіп келеді. Мұндай жағдай Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмұрза секілді ойыншылардың есімімен де тіркелген.

Мамандардың айтуынша, күмәнді аккаунттардан келген өтініштерге сенбеу керек. Ал егер қаражат аударып, кейін жоғалтқан жағдайда, футболшылардың оған қатысы болмайтынын есте ұстаған жөн.

Бүгін Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Лихтенштейнге қарсы ойын өткізеді. Дастан Сатпаев бұл матчқа жарақатына байланысты қатыспайды.