Қазақстан – Лихтенштейн: Кенжебек жарқ етті. Зайнутдинов қайта оралды

Қазақстан – Лихтенштейн: Кенжебек жарқ етті. Зайнутдинов қайта оралды
Футбол

KFF

Астанада өткен 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кездесу жанкүйерлердің есінде ұзақ сақталары анық. Қазақстан құрамасы өз алаңында Лихтенштейн командасын 4:0 есебімен ойсырата ұтты, деп хабарлайды Bassport.kz. 

Алаң иелері ойынның алғашқы минуттарынан-ақ басымдық танытты. Есепті жас шабуылшы Ғалымжан Кенжебек ашты. Көп ұзамай капитан Бахтиер Зайнутдинов айырмашылықты еселеп, жанкүйерлердің көңілін бір серпілтті. Үзілістен кейін Кенжебек тағы бір мәрте мергендігін танытып, дубльдің авторы атанды. Ал соңғы минуттарда Әлібек Қасым соққан доп кездесудің нүктесін қойды. 

Екі гол соғып, бір нәтижелі пас берген Ғалымжан Кенжебек алаңдағы ең үздік ойыншы атанды. Дегенмен, ойыншының хет-трик жасауға мүмкіндігі туғанда, екінші таймда алаңнан алынды. Команда бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов ойыншыны не себепті алаңнан ерте алғанын түсіндірді:


— «Ол әлі жас. Қазақта ‘тіл мен көзден сақтасын’ дейді. Алда әлі талай ойын бар, сондықтан оны Солтүстік Македониямен кездесуге сақтадық», – деді маман.

Бүгінгі күннің тағы бір жаңалығы Бахтиер Зайнутдинов жарақатынан айығып, алаңға қайта оралды. Бұл хабар футбол жанкүйерлерін қуантпай қоймады.

Кездесуден кейін Лихтенштейн құрамасының бас бапкері Конрад Фюнфштюк қарсыласына құрмет білдірді:


— «Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтаймын. Олар жоғары деңгейде ойнады. Атмосфера тамаша болды. Лихтенштейнде бар болғаны 40 мың халық тұрады. Ал «Астана Аренаға» дәл сол шамада жанкүйер жиналды. Бізде кәсіби ойыншылар да аз, алайда команда намыспен күресті», – деді ол.

Жеңіс арқасында Қазақстан құрамасы J тобында 6 ұпаймен төртінші орынға көтерілді. Топта Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейн командалары бақ сынап жатыр. 

Айта кетелік, келесі кездесу 13 қазан күні Скопье қаласында өтеді. Байсуфинов шәкірттері сырт алаңда топ көшбасшысы Солтүстік Македониямен кездеседі.