Елена Рыбакина әлемдегі үздік ойыншы деп аталды

Теннис
Sportburo.kz
Қазақстандық теннисші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымында 18 жастағы чех Тереза Валентованы (WTA рейтингінде – 92) жеңіп, жанкүйерлер мен сарапшылардың жоғары бағасын алды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Танымал The Tennis Letter аккаунты Рыбакинаның жеңісін ерекше атап өтті. Қазақ спортшысы матчта 6:3, 7:6(7) есебімен басым түсті, екінші сетте 2:5 есебімен ұтылып жатып, төрт сет-боллдан аман шығып, өз пайдасына шешті. Осылайша, ол US Open турнирінің үшінші айналымына үшінші рет жолдама алды. Бұған дейін Рыбакина бұл кезеңнен әріге өткен емес.
«Ол соңғы 12 матчтың 10-ын жеңді, бұл – 2025 жылғы 43-жеңісі. Рыбакинаның подачасы — әлемдегі ең мықтысы, ал соққылары — ең таза. Оның кез келген титулды жеңіп алуға барлық мүмкіндігі бар. Тек бәрін бір арнаға тоғыстыру қажет», — деп жазды The Tennis Letter.