«Кайраттың» ЧЛ ойындарына байланысты Алматыда концерт тоқтатылды

«Кайраттың» ЧЛ ойындарына байланысты Алматыда концерт тоқтатылды
Футбол

Tengri Sport

Алматы қаласының Спорттық нысандар дирекциясы 6 қыркүйек күні Орталық стадионда өтеді деп жоспарланған белгілі әртіс Макс Корждың концертіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bassport.kz.

Ұйым өкілдері концерттің болмайтынын растады. Себеп – қажетті құжаттардың толық ұсынылмауы.

«Дирекцияның ішкі ережелеріне сәйкес, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге келісімшарт тек құзырлы органдардан барлық рұқсат құжаттары алынған жағдайда ғана жасалады. Ал дайындық кем дегенде 10-20 күнді қажет етеді. Концертке дейін санаулы күн қалса да, бізге құжаттардың толық пакеті берілген жоқ», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ дирекция ауқымды концерттердің алаң газонына айтарлықтай салмақ түсіретінін, бұл футбол матчтарының сапасына кері әсер ететінін атап өтті. Билеттерді қайтару мәселесі ұйымдастырушыларға және сатып алу орындарына жүгіну арқылы шешілетіні айтылды.

Осылайша, Орталық стадион тек негізгі мақсатына – спорттық жарыстарға арналмақ. Дирекция өкілдері аренада УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі шешуші ойындар өтетінін мәлімдеді.

Еске салайық, «Кайрат» плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтигін» пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіп, алғаш рет клуб тарихында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.

28 тамыз күні Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жеребе тарту рәсімі өтеді. Биылғы маусымда 36 команда бақ сынайды, әрқайсысы 8 ойында өнер көрсетеді.

— 1-тур: 16–18 қыркүйек

— 2-тур: 30 қыркүйек – 1 қазан

— 3-тур: 21–22 қазан

— 4-тур: 4–5 қараша

— 5-тур: 25–26 қараша

— 6-тур: 9–10 желтоқсан

— 7-тур: 20–21 қаңтар

— 8-тур: 28 қаңтар

Плей-офф кезеңі 17 ақпанда басталып, финал 30 мамырда Будапешттегі «Пушкаш Аренада» өтеді.