«Менің қазақпен жекпе-жекке шыққым келмеді». Қырғызстандық файтер UFC-дегі айқастан кейін пікір білдірді

«Менің қазақпен жекпе-жекке шыққым келмеді». Қырғызстандық файтер UFC-дегі айқастан кейін пікір білдірді
Жекпе-жек

Meta-ratings.kz

23 тамызда Шанхайда өткен UFC Fight Night турнирінде қазақстандық спортшы Дияр Нұрғожай қырғыз файтері Уран Сатыбалдиевтен тұншықтыру әдісімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды Bassport.kz «Спорт Шредингерге» сілтеме жасап.

Бұл жекпе-жек басталмай жатып-ақ көп талқыға түсті. Себебі екі файтер де бір-бірімен айқасқысы келмейтінін, қазақ пен қырғызды бауырлас халық деп санайтынын айтқан еді. Алайда UFC ұсынған мүмкіндікке байланысты олар октагонға шығуға мәжбүр болды.

Жеңістен кейін Уран Сатыбалдиев қазақстандық жанкүйерлерге алғысын білдіріп:

«Маған да, Диярға да қолдау көрсеткендеріңізге рақмет. Ол мықты файтер, әсіресе тұрыста қауіпті. Сол үшін мен күреске сүйендім. Бірақ шынымды айтсам, бұл айқасты қаламадым. Бұл – спорт, ондай жағдайлар болып тұрады», – деді.

Қырғыз файтері сонымен қатар неге бұл жекпе-жекке келіскенін де түсіндірді:

«Мен қазақпен жекпе-жекке шыққым келмеді, өйткені біз – „қазақ-қырғыз бір туған“. Бірақ UFC бізге осы айқасты ұсынды. Әуелі Америкада өткізуге тырысқан, ол кезде мен бас тарттым. Кейін Шанхайға белгіледі. Екеуміз де дебюттік айқастарымызды жеңілгендіктен, таңдау қалмаған сияқты», – деді Сатыбалдиев.