Асу Алмабаевтың UFC-дегі келесі жекпе-жегі белгілі болды

Sportburo.kz
Қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың келесі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды Bassport.kz Sport_kor-ға сілтеме жасап.
UFC ең жеңіл салмақ дәрежесінің 9-нөмірлі файтері 21 қараша күні Дохада өтетін турнирде америкалық Алекс Переспен кездеседі. Бұл – тарихта алғаш рет Катарда ұйымдастырылатын UFC кеші болмақ. Перес қазіргі таңда рейтингтің 8-ші сатысында орналасқан және бұған дейін қазақстандық файтерге ресми түрде шақыру тастаған еді.
Асу Алмабаев соңғы жекпе-жегін 27 шілде күні Абу-Дабиде өткен UFC on ABC 9 турнирінде өткізіп, перулік Хосе Очоаны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын.
Айта кетейік, 33 жастағы Алекс Перес UFC-де 2017 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол 2020 жылдың қарашасында чемпиондық белбеу үшін Дейвесон Фигередомен кездесіп, бірінші раундта «гильотинаға» түсіп қалып, жеңіліп қалған еді.