Бентли Жәнібек Әлімханұлын реванштан қашты деп айыптады

BAQ.KZ
Британдық боксшы Дензел Бентли (21-3-1, 17 KO) орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 KO) реванштан бас тартты деп айыптады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бентлидің ашуын Жәнібектің менеджері Эгис Климас айтқан пікір тудырған. Климас өз сөзінде көптеген боксшылар қазақстандық чемпионнан қашатынын жеткізген еді. Алайда британдық боксшы керісінше, Әлімханұлымен қайта жұдырықтасуға әрдайым дайын болғанын мәлімдеп отыр.
Оның айтуынша, WBO ұйымы оны міндетті қарсылас ретінде бекітпеген, себебі Жәнібек командасы жекпе-жек уақытын ыңғайсыз деп тапқан.
— Бұл өтірік… Мен қанша уақыт бойы сендермен айқасуды талап еттім, бірақ сендердің командаларың үнемі уақыт керек деп сылтауратты. Сол себепті WBO мені міндетті қарсылас ретінде тағайындамады, — деп жазды Бентли әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, екі боксшы 2022 жылы WBO белбеуі үшін кездескен болатын. Ол жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жеткен еді.
Қазіргі таңда қазақстандық чемпион АҚШ-та жүр. Ол қараша айының басында шаршы алаңға қайта оралуды жоспарлап отыр.