Әлем чемпионатына жолдама үшін бәсеке басталды

olympic.kz
Қазақстан құрамасы 4-14 қыркүйек аралығында Ливерпуль қаласында өтетін World Boxing-тың ұйымдастыруы бойынша әлем чемпионатына дайындық жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Bassport.kz.
Қайрат Сәтжанов баптайтын команда Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Мұнда шешуші іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Бас бапкердің айтуынша, әр салмақта төрт спортшыдан сынға түсіп, өзара жекпе-жек өткізу арқылы мықтылары анықталуда.
Негізгі назар 60 келі салмақтағы тартысқа аударылған. Бұл санатта Серік Теміржанов пен Бейбарыс Жексен арасында шешуші айқас өтеді. Өткен жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында құраманың сенімі Жексенге артылған еді. Алайда ол ширек финалда өзбек боксшысы Акмал Убайдовқа жол берген болатын.
65 келі салмақта да бәсеке қыза түспек. Мұнда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Ертуған Зейнуллинов өзара күш сынасады. Олимпиада-2024 алдындағы ашық іріктеу жарысында Базарбайұлы жеңіп, бірінші нөмір саналған. Дегенмен кейін ол екі мәрте командалас қарсыласынан ұтылды. Ал World Boxing ұйымы ұйымдастырған әлем кубогының Қазақстандағы кезеңінде Зейнуллинов ел намысын қорғап, жартылай финалға дейін жетіп, үндістандық Абхинаш Джамвалға төрешілер шешімімен есе жіберген еді.