Жеңілмеген боксшы Жәнібек Әлімханұлына қарсылас атанды

Егемен Қазақстан
Орта салмақтағы IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 КО) ирландиялық кәсіпқой боксшы Аарон Маккенна (20-0, 10 КО) ресми түрде жекпе-жекке шақыру тастады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бұған дейін Әлімханұлы Сауд Арабиясы Көңіл көтеру істері басқармасының төрағасы Турки Әл аш-Шейхке орта салмақтағы барлық төрт белбеуді біріктіру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Осыған байланысты Маккенна қазақстандықты және Әл аш-Шейхті белгілеп, кездесу өткізуге дайын екенін жеткізді.
Абсолютті чемпион атану үшін Жәнібекке әлі WBC және WBA белбеулерін иелену қажет. Қазіргі таңда WBC чемпионы – доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 КО), ал WBA белбеуі кубалық Эрисланди Лараның (31-3-3, 19 КО) еншісінде.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін биыл 5 сәуірде Астанада өткізіп, француз Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 КО) бесінші раундта нокаутпен жеңген болатын.