Асу Алмабаевтың келесі қарсыласы анықталды

Жекпе-жек
UFC
Асу Алмабаевтың (22-3) UFC-дегі келесі қарсыласы ретінде өзбекстандық Рамазан Темиров қарастырылып жатыр. Бұл туралы MMAMania.com журналисі Адам Гиллен жазды, деп хабарлайды Bassport.kz.
26 шілдеде Абу-Дабиде өткен UFC турнирінде Алмабаев перулік Хосе Очоаны төрешілер шешімімен жеңді. Бұл – Асу үшін UFC-дегі бесінші жеңіс. Бұған дейін ол Манел Капеден техникалық нокаутпен ұтылған болатын.
Гилленнің пікірінше, Асу Темировпен жекпе-жек өткізуі керек. Негізі бұл жұп осы турнирде жоспарланған еді, алайда Темиров допинг сынағынан өте алмай, жекпе-жек кейінге шегерілген.
«Темиров тыйым салынған затты байқаусызда қолданған секілді. Егер жазасы ұзақ болмаса, бұл жекпе-жекті қайта ұйымдастыру қажет», — деп жазды журналист.
UFC бұл ұсынысты қабылдай ма — әзірге белгісіз.