Қазақстан құрамасы жаңа күшке ие болады

kff.kz
Қазақстандық белгілі футбол маманы Асқар Қожабергенов Бақтиёр Зайнутдиновтың «Бешикташтан» Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) клубына ауысуы ұлттық құрама үшін қандай пайда әкелетінін айтып өтті, деп хабарлайды Bassport.kz.
— Стамбулда Бақтиёрмен кездесіп, шай ішкенбіз. Ол кезде «Бешикташқа» ауысқан еді. Өте позитивті, үнемі биікке ұмтылатын адам. Меніңше, оның «Динамода» жолы болады. Бақтиёр — әлі жас ойыншы. Мәскеулік клубтағы жаңа кезеңі оның ұлттық құрамадағы ойынына оң әсерін тигізеді деп сенемін. Соңғы уақытта ол жиі-жиі ойын практикасынсыз келіп жүрді. Енді «Динамода» тұрақты түрде ойынға шығып, бабы күшейетініне үміттімін, — деді Қожабергенов.
Айта кетейік, Зайнутдиновтың «Динамомен» келісімшарты 2029 жылдың жазына дейін жасалған. Жаңа командасында Бақтиёр 19-нөмірлі жейдені таңдады.
Еске салсақ, Зайнутдинов бұған дейін 2023 жылдан бастап Түркияның «Бешикташ» клубында өнер көрсеткен. Сондай-ақ, ол бұған дейін мәскеулік ЦСКА, «Ростов», «Астана» және «Тараз» командаларында ойнаған.