Қазақстанды бокстан Әлем кубогында төрешілерге қолдау көрсеткені үшін айыптады

Қазақстанды бокстан Әлем кубогында төрешілерге қолдау көрсеткені үшін айыптады
Бокс

Alash.kz

Астанада өткен бокстан Әлем кубогындағы нәтиже бойынша Әзірбайжан құрамасының аға жаттықтырушысы Нариман Абдуллаев пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz Azerisport.com сайтына сілтеме жасап.

Маман құраманың 0-0-3 есебімен аяқтаған жарысын қанағаттанарлық деп бағалады, алайда кейбір шешімдерге күмәнмен қарағанын жасырмады.

— Жалпы нәтиже жаман емес. Бірақ бұдан да жақсы болар еді. Команданың көшбасшы спортшылары — Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Альфонсо Домингес (90 кг) пен жастар арасындағы Еуропа чемпионы Ниджат Гусейнов (55 кг) жарысқа жарақатына байланысты қатыса алмады. Сонымен қатар, 75 келідегі жаңадан келген өзбекстандық боксшы да жарыстан тыс қалды, — деді Абдуллаев.

Медаль алған үш спортшының ішінде Магомедали Гасымзаде (60 кг) жоғары деңгейде өнер көрсетіп, екі қарсыласын жеңді. Ал аса ауыр салмақтағы Магомед Абдуллаев финалға өте алмаса да, жақсы жұдырықтасқанын атап өтті.

— Ал үшінші жүлдегеріміз Субхан Мамедов (50 кг) жартылай финалда жергілікті боксшыға есе жіберді. Бұл жекпе-жек даулы болды. Егер турнир басқа елде өткенде, төрешілер жеңісті Мамедовке берген болар ма еді деген де ой болды, — деді бапкер төрешілер шешіміне күмән келтіріп.

Сондай-ақ ол 80 келідегі Мурад Аллахвердиевтің өнеріне көңілі толмағанын айтып, спортшы өзінен күткен үмітті ақтай алмағанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Аллахвердиев 1/8 финалда қазақстандық Нұрбек Оралбайға жол берсе, Мамедов Санжар Тәшкенбайдан жеңілген.

Абдуллаевтың айтуынша, келесі басты мақсат — қыркүйекте өтетін Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алу.