Әлімханұлы WBC чемпионын тығырыққа тіреді

Әлімханұлы WBC чемпионын тығырыққа тіреді
Бокс

Mustafin Magazine

Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамеске (24-1-1, 18 KO) тағы да ашық үндеу жолдады, деп хабарлайды Bassport.kz.

Казахстандық боксшы әлеуметтік желіде қарсыласын жекпе-жекке келісімшартқа қол қоюға шақырды:

«Біреу Карлосты көрді ме? Ол ғайып болды. Егер көрсеңіздер, айтыңыздаршы, келісімшартқа қол қойсын! Карлос, мен сенің қорқынышты түсіңмін! Ол күйзеліске түсті. Тығырыққа тірелді. Үнсіз отыр. Себебі ол да, менеджері де біледі — келісімшарт олардың алдында жатыр», — деп жазды Жәнібек.

Айта кетейік, Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 5 сәуірде Астанада өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутпен жеңіп, чемпиондық белбеулерін сәтті қорғаған болатын.

Ал Карлос Адамес ақпан айының соңында британдық Хамза Ширазбен (21-0, 17 KO) тең түсті. Соған қарамастан, ол WBC белбеуін сақтап қалды. Алайда, Адаместің келесі міндетті қарсыласы да Қазақстаннан — Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO).

Жанкүйерлер енді Әлімханұлы мен Адамес арасындағы біріктіруші жекпе-жектің тағдырын күтіп отыр.