Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әлем кубогынан кейін бірқатар сұрақтар туындағанын айтты

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әлем кубогынан кейін бірқатар сұрақтар туындағанын айтты
Бокс

Әлеуметтік желі

Астанада өткен World Boxing Әлем кубогының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарыс нәтижесіне баға беріп, кейбір салмақ дәрежелері бойынша сұрақтар туындағанын жасырмады. Бұл туралы Bassport.kz Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

— Жалпы нәтиже жаман емес деп ойлаймын. «5» деген баға қоюға болады. Егер тағы бір-екі алтын медаль қосылғанда, «5+» болушы еді. Құрама бес алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Өз басым разымын. Дегенмен кейбір салмақтар бойынша сұрақтар бар. Алда әлі бірнеше турнир күтіп тұр. Сол кезде нақты баға береміз, — деді Сәтжанов.

Айта кетейік, ерлер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасына алтын медальді Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Бекзад Нұрдәулетов (85 кг) және Айбек Оралбай (90+ кг) сыйлады. Күміс жүлдені Нұрбек Оралбай (80 кг) жеңіп алса, қола медаль Ертуған Зейноллинов (65 кг) пен Сағындық Тоғамбайға (90 кг) бұйырды.  

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы көш бастағанын да атап өткен жөн.