Қазақстанда UFC турнирін өткізуге Астана қаласы таңдалды: Шавкат Рахмонов титул үшін жұдырықтасуы мүмкін

Combat Arena
Астанада UFC турнирін өткізуге қажетті инфрақұрылым толық бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордалық Туризмді дамыту орталығының басшысы Артём Квашук мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Спикерге Астананың осындай ауқымды спорттық шараны қабылдай алатыны және қала әкімдігінің қызығушылығы туралы сауал қойылды.
— Біздің алаңдар барлық халықаралық талаптар мен стандарттарға толық сәйкес келеді. Сондықтан қала бұл шараны өткізуге мүдделі. Мұндай ірі турнирге шетелдік туристер міндетті түрде келеді. Бұл өз кезегінде экономиканың дамуына серпін беріп, мультипликативтік әсер тудырады, — деді Квашук.
Ал «Астана Концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов мұндай турнир халықаралық деңгейдегі мұз аренасы «Барыс Аренада» өткізілуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, UFC ұйымдастырушыларының талаптары бойынша бұл кешен толық сай келеді.
— Бізде Шавкат Рахмонов сынды танымал файтер бар. Ол титул үшін жекпе-жек өткізуі мүмкін. Яғни техникалық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дайынбыз. Жақында UFC Баку қаласында турнир өткізді. Бұл — біздің өңірге де мүмкіндік барын көрсетті. Енді тек халықаралық серіктестер мен демеушілердің қызығушылықтарын арттыру қажет, — деді Хасенов.
Оның айтуынша, UFC секілді турнирді тек жергілікті демеушілердің көмегімен өткізу өте қымбатқа түседі. Мұндай ауқымды коммерциялық іс-шара Қазақстанда әлі өткен емес.
— Астана инфрақұрылым бойынша дайын. Ал серіктестік жағынан біраз жұмыс қажет. Бірақ бұл — қол жетімді мақсат. Жалпы, бұл жоба алдағы екі-үш жылда іске асуы мүмкін, — деп түйіндеді Хасенов.