Карло Анчелотти бір жылға бас бостандығынан айырылды

Карло Анчелотти бір жылға бас бостандығынан айырылды
Футбол

Матч ТВ

Италиялық футбол бапкері Карло Анчелотти салықтан жалтарғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Bassport.kz Cadena Ser басылымына сілтеме жасап.

Мадридтің Провинциялық сотының шешімі бойынша, Анчелотти 2014 жылғы салықтық алаяқтық дерегі бойынша кінәлі деп танылып, 386 361,93 еуро көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ол үш жылға дейін мемлекеттік жәрдемақылар мен салықтық жеңілдіктерден айырылды.

Бапкер 2015 жылға қатысты айыптаулардан ақталып шықты. Дегенмен, 2014 жылы мемлекетке келген зиян толық көлемде өтелетін болды.

Прокуратураның мәліметінше, Анчелотти 2014 және 2015 жылдары Испанияда жұмыс істеген кезеңінде 1 062 079 еуро көлеміндегі салықты жасырған. Бұл әрекеттер “Реал Мадридті” алғаш рет баптаған кезеңге сәйкес келеді. Сот процесі 2–3 сәуір күндері Мадридте өтті. Анчелотти айыптарды жоққа шығарып, барлық әрекеттерін клуб пен кеңесшілерінің нұсқауымен жасағанын мәлімдеді. Ол өзінің кінәсін мойындамай, егер кінәлі деп танылса, жеңілдететін жағдайларды – келтірілген шығынды өтеу мен қарызды төлеуді ескеруді сұрады.