«Барыс» клубы жаңа маусымға дайындық жоспарын жариялады

«Барыс» клубы жаңа маусымға дайындық жоспарын жариялады
Хоккей

“Барыс” ХК

Астаналық «Барыс» хоккей клубы алдағы 2025/26 жылғы маусымға жоспарлы түрде дайындалуға кіріседі.

Клуб басшылығы жариялаған ресми мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу жиындарының негізгі бөлігі Астана қаласында өтеді.

Жоспар бойынша, 15 шілдеден бастап екі жақты келісімшартқа отырған хоккейшілер алғашқы жаттығуға қатысады. Ал 1 тамыздан бастап оларға біржақты келісімшартпен тіркелген ойыншылар қосылады. Бұл кезеңде команданың физикалық және тактикалық дайындығы пысықталып, құрам біртіндеп қалыптасатын болады.

26–29 тамыз аралығында «Барыс» Ресейдің Магнитогорск қаласында өтетін «Иван Ромазан Мемориалы» халықаралық турниріне қатысады. Бұл жарыс команда үшін маусымалды қарым-қабілетті сынап көруге таптырмас мүмкіндік болмақ.

Ал 1 және 2 қыркүйекте «Барыс» өз мұзайдында «Сибирь» клубымен бақылау кездесулерін өткізеді.

Жаңа маусым алдындағы соңғы дайындық кезеңі 3–6 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Ал 7 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты басталады. Астаналық команда маусымды өз алаңында «Трактор» клубына қарсы матчпен ашады.