«Барселонаның» жас жұлдызы Мессиден де асып түсуі мүмкін — Пети

Футбол
Спортал
Франция құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы және «Арсенал» клубының экс-футболшысы Эммануэль Пети «Барселонаның» жас шабуылшысы Ламин Ямальдың болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Петидің айтуынша, 17 жастағы испандық вундеркинд болашақта каталондық клубтың аңызы Лионель Мессиден де жоғары деңгейге көтеріле алады.
«Ламин қарсыластарын PlayStation-де ойнап жатқандай алдайды. Қорғаушылар оның жанында қарапайым конустар секілді. Осындай деңгейде ойнап жүр. Ямаль тіпті Мессиден де мықты болуы мүмкін. Ал Месси – сегіз мәрте «Алтын доп» иегері. Бұл Ламин үшін үлкен мотивация. Оны тамашалау — бір ғанибет», – деді Пети TNT Sports-қа берген сұхбатында.
Өткен маусымда Ямаль барлығы 55 матчқа қатысып, 18 гол соғып, 25 нәтижелі пас берген. Ол «Барселонамен» бірге:
• Испания чемпионы,
• Кубок иегері,
• Суперкубок жеңімпазы атанды.
Сонымен қатар, Испания құрамасымен бірге Ұлттар лигасының финалына дейін жетіп, 2024 жылғы Еуропа чемпионатын жеңіп алды.
Жас талантымен көзге түскен Ламин Ямальды бүгінде әлемдік футбол элитасы жіті бақылауда ұстап отыр.