Астанада УЕФА құрамындағы қазақстандық төрешілерге арналған оқу-жаттығу жиыны өтті

kff.kz
Астанада Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен УЕФА-ға тіркелген қазақстандық төрешілер үшін арнайы оқыту семинары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Bassport.kz.
ҚФФ ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, семинарды ҚФФ төрелік ету және инспекциялау департаменті ұйымдастырған. Оның мақсаты — алдағы маусымдағы еурокубок ойындарына төрешілерді жан-жақты дайындау.
Жиынға 16 төреші, оның ішінде VAR-мамандар мен әйелдер құрамасының халықаралық төрешілер бригадасы қатысты. Оқыту жұмыстарын ҚФФ төрелік ету және инспекциялау департаментінің басшысы Нуну Каштру мен VAR-инструктор Леонид Калошин жүргізді.
Семинар аясында IFAB жаңартқан Ереже өзгерістері таныстырылып, олар УЕФА аясындағы матчтарда қолданылатын болады. Сонымен қатар, ішкі біріншіліктердегі маңызды ойын сәттеріне талдау жасалып, төрешілердің бірізділікпен шешім қабылдауына баса назар аударылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқыту семинарлары маусым барысында тұрақты түрде өткізілмек. Сонымен қатар, тәлімгерлік жүйе де сақталып, қазақстандық төрешілердің кәсіби деңгейін арттыруға және УЕФА-дағы өкілдігін кеңейтуге бағытталады.