Жаңа құрам, жаңа мақсат: «Барыс» 2026/27 жылғы маусымға дайындықты бастады
«Барыс» хоккей клубы
«Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) 2026/27 жылғы жаңа маусымына ресми дайындығын бастап, мұз айдынындағы алғашқы жаттығуын өткізді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Жаттығу жиынының алғашқы кезеңіне қақпашы В. Нурек, қорғаушылар Б. Оразов, А. Королёв, К. Никитин, сондай-ақ шабуылшылар В. Логвин, К. Ляпунов, С. Симонов, А. Әлібек және А. Саркенов сынды ойыншылар тобы қосылды. Құрам 1 тамыздан кейін тағы бірнеше хоккейшімен толығады деп жоспарланған.
Михаил Кравец шәкірттері маусымашар алдында екі бірдей сырт алаңдағы турнирде бақ сынайды: 17–20 тамызда Уфадағы «Башқұртстан Республикасы кубогына» және кейін Санкт-Петербургтегі Николай Пучков атындағы турнирге қатысады. Дайындықтың қорытынды кезеңі 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында «Барыс Аренада» өтеді.
Елордалық клуб жаңа маусымды өз айдынында қатарынан үш ресейлік ұжыммен кездесуден бастайды: 7 қыркүйекте «Сибирьмен» ойнаса, одан кейін «Салават Юлаев» және «Амур» командаларын қабылдайды.