«Барыс» ҚХЛ-да қатарынан екі ойында жеңілді
«Барыс» ХК
21 қазанда Владивостокта өткен кездесуде «Барыс» жергілікті «Адмиралға» овертаймда 4:5 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Матчтың алғашқы кезеңінде қос команда да есеп аша алмады. Екінші кезеңде айдын иелері Семён Ибрагимовтің голымен алға шықты. Алайда астаналықтар сапынан Джастин Бэйли мен Тайс Томпсон мергендік танытып, «Барысты» 2:1 есебімен алға шығарды.
Үшінші кезең тартысқа толы болды. «Адмирал» сапынан Либор Шулак пен Дмитрий Завгородний шайба соғып, есепті 3:2-ге жеткізді. Бұған «Барыс» қорғаушысы Чейз Приски голмен жауап берді. Кейін Энтони Камара алаң иелерін қайта алға шығарғанымен, 55-минутта Семён Симонов есепті теңестірді – 4:4.
Осылайша матч овертаймға ұласты. Қосымша уақыттың небәрі 23-секундында Александр Волков жеңіс шайбасын соғып, «Адмиралға» екі ұпай әперді.