Елдос Сметов 60 келіге қайта оралды - бас бапкер

Дзюдо
Дзюдодан Қазақстан командасының үздігі, Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов 60 келіге қайта оралды. Бұл туралы бас бапкер Нұрбол Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Елдос Сметов жаңа маусымда 66 келіге ауысқан болатын. Бұл салмақта Сметов Тель-Авив, Анталья және Загребтегі турнирге қатысып, жақсы нәтиже көрсете алмады. Бас бапкердің айтуынша, жаттықтырушылар кеңесе келе, Елдостың өзіне үйреншікті 60 келіге ауысуын жөн санаған.
"Елдос 60 келіге ауысты. 66 келіде оның күресі жүрген жоқ, баршаңыз көрдіңіздер. Хорватиядағы турнирден соң Сметовтің 60 келіге оралғаны дұрыс деп таптық. Қазір ол командамен бірге дайындалып жатыр. Бір салмақтан екіншісіне өту, нәтиже көрсету оңай емес. Сондықтан, алдағы Олимпиада ойындарына дейін осындай шешім қабылдадық. 66 келідегі Ғұсман Қырғызбаев Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бірақ бұл салмаққа әлі де толық үйрене алмай жатыр. Қарсыласын күтіп қалатын, бір орында тұрып қалатын сәттері көп", - дейді Сүлейменов.
Бас бапкер 60 келіде үздік нәтиже көрсетіп жүрген өзге спортшылардың да қатардан шықпайтынын айтты.
"Бұл салмақта осы маусымда жақсы қырынан көрінген балуандар бар. Олардың ешқайсысы қатардан шықпайды. Елдос та өз мықтылығын енді өз салмағында дәлелдейді деп ойлаймыз. Кім мықты болса, сол балуанды алдағы әлем чемпионатына апарамыз", - дейді жаттықтырушы.
Сондай-ақ, Нұрбол Сүлейменов 73 келіде Азия чемпионы атанған Данияр Шамшаевтың әлем чемпионатына баратын мүмкіндігі мол екенін ескертті.
"73 келідегі команда үздіктерінің бірі Жансай Смағұлов жарақатына байлансты әлі қатарға толық қосыла алмай жатыр. Сол себепті, жақында еліміздегі Азия чемпионатында топ жарған Данияр Шамшаевтың әлемдік сынға аттанатын мүмкіндігі мол. Әлем чемпионатына қатысатын құрамды осы аптаның соңына қарай жариялаймыз", - деді бас бапкер.

