Қазақстанда Халықаралық Олимпиада күні аясында көптеген іс-шаралар өтті

ҰОК
Бүгін, 23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні. Осыған орай маусым айының басынан бастап Қазақстанның әр өңірінде спортты дәріптеуге, салауатты өмір салтын насихаттауға және олимпиадалық құндылықтарды кеңінен танытуға бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды.
Астанада өткен Ұлттық мектеп лигасының финалында жасөспірімдер баскетбол, волейбол, үстел теннисі және гандбол сынды спорт түрлерінен өзара бақ сынады. Баскетболдан Түркістан облысындағы «Далабазр» мектебі жеңімпаз атанса, гандбол бойынша Павлодар, Ақтөбе және Түркістан облыстарының мектептері жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Сондай-ақ елордада 2017–2018 жылғы балалар арасында шайбалы хоккейден турнир өтті. Жарысты ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Хоккей федерациясы ұйымдастырды.
Астанада өткен Astana Half Marathon 2025 халықаралық жартылай марафонына 32 елден спортшылар қатысты. Ерлер арасында жеңіске украиналық Виталий Шафар жетсе, әйелдер арасында қазақстандық Дана Айдосова мәреге бірінші келді. Сонымен қатар, 10 шақырымдық қашықтық пен эстафеталық жарыс та қызу тартысқа толы болды.
Алматы мен Астанада «Олимпиадалық сабақтар» өтті. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин және ұлттық құраманың басқа да мүшелері оқушылармен кездесіп, спорт жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Бұл кездесулер жастарды шабыттандырып, спортқа қызығушылықты арттыруға сеп болды.
Сонымен қатар, Астанада дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған “Жазғы мектеп” ұйымдастырылды. Оқу семинарлары Оңтүстік Кореяның Спорт ғылымдары институтымен бірлесіп өткізілді. Бұдан бөлек, су спорттары мен триатлоннан жарыстар өтті. Ватерполо, синхронды жүзу, ашық бассейндегі жүзу және ASTANA TRIATHLON Sprint сынды шараларға жүздеген бала мен ересек қатысты.
Дәстүрлі «Олимпиада күні туғандар» акциясы да назардан тыс қалған жоқ. Ел бойынша 23 маусымда дүниеге келген сәбилерге Ұлттық Олимпиада комитеті арнайы сыйлықтар дайындады. Комитеттің бас хатшысы Әлімжан Ақаев бұл бастаманың балаларға спорттық рухты сіңіруде маңызы зор екенін атап өтті.