Халықтың сүйіктісіне айналған қақпашы Темірлан Анарбеков, жарақатынан кейін жаттығуға қайта оралды

Қайрат ФК
«Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков ауыр жарақатынан кейін қайтадан негізгі құраммен бірге жаттығу өткізе бастады.
Алматылық клубтың баспасөз қызметі футболшының жаттығу жасап жатқан видеосын жариялады.
Еске сала кетейік, қақпашы қыркүйек айында «Ақтөбеге» қарсы өткен кездесуде (1:0) ауыр жарақат алған болатын. Қарсылас команданың ойыншысы Уче Агбоның шынтағымен жасалған соққысы салдарынан Анарбековтың жақ сүйегі сынып, ақыл тісі мен мойын тұсына зақым келген болатын.
Футболшы ем-дом қабылдап жатқан аралықта, «Қайраттың» қақпасын 18 жастағы жас қақпашы Шерхан Қалмырза қорғады. Жас ойыншы бірнеше матчта сенімді ойын көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Темірланның қатарға қайта қосылуы маусым соңындағы шешуші ойындар алдында команда үшін жағымды жаңалық болмақ.