Петропавлда 5 мың орындық футбол манежі бой көтереді

Ашық дереккөзінен
Петропавл қаласында футбол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге аспақ.
Қалада 5 мың көрерменге арналған заманауи, жабық үлгідегі футбол манежі салынады. Бұл жоба Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ең ірі спорт нысандарының біріне айналмақ. Құрылысты Береке шағынауданында бастау жоспарланған.
Жобаның бастамашысы – кәсіпкер Сергей Кан. Ол Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы “Елдің ең ықпалды 50 бизнесмені” рейтингінде 32-орынға ие болған. Сергей Кан тек манеж салумен шектелмей, өңірде футбол академиясын ашуды да көздеп отыр екен.
Академияның басты мақсаты – Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген жасөспірімдерге сапалы спорттық жағдай жасап, жаңа буын футболшыларын тәрбиелеу. Мұнда қыздар мен ұлдар тең мүмкіндікке ие болады.
Айта кетейік, соңғы жылдары Петропавлда спорттық нысандарды жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Бұған дейін “Жеңіс” спорт мектебінің алаңы Қазақстан футбол федерациясының ALAÑ бағдарламасы аясында жаңартылған болатын.
Бұл жоба әсіресе 2025 жылдың басында қалада болған ірі өрттен кейін ерекше маңызға ие. Себебі апат кезінде Петропавлдағы жалғыз жабық футбол манежі толығымен жойылып, тек металл қаңқасы ғана қалған еді.
Енді жаңа манеж өңір футболының қайта жандануына және спорт инфрақұрылымының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашпақ.