Америкалық сарапшылар Головкинді қорғап шықты: «GGG – Даңқ залының мүшесі болуға лайық»

Америкалық сарапшылар Головкинді қорғап шықты: «GGG – Даңқ залының мүшесі болуға лайық»
Бокс

Gennady Golovkin will take on Daniel Jacobs at Madison Square

АҚШ-тың жетекші спорт сарапшылары мен бокс шолушылары Райан Гарсияның Геннадий Головкин туралы сынына жауап беріп, қазақстандық боксшының Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) енуіне толықтай лайық екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бұған дейін америкалық боксшы Райан Гарсия Головкиннің мансабында мықты қарсыластар аз болғанын айтып, оны Даңқ залына енгізуге қарсы пікір білдірген еді. Алайда бұл мәлімдеме АҚШ-тағы бокс қауымдастығының наразылығын туғызды. Бірқатар беделді журналистер мен IBHOF дауыс берушілері Райанның сөзімен келіспейтінін ашық айтты. The Ring журналының бас редакторы Дуглас Фишер өз ұстанымын былай жеткізді:

«Егер GGG Даңқ залына лайық болмаса, онда Райан мен оның буынының ол жерге кіру мүмкіндігі тіпті жоқ. Головкин бірінші дауыс беруде-ақ 100 пайыз өтеді. Бұл талқылануға тұрмайтын мәселе», — деп жазды ол.

Сондай-ақ Фишер өз бюллетеніндегі Головкиннің атының тұсына қойылған «таңбаның» суретін жариялады. Оның әріптесі Райан О’Хара да Гарсияның пікірін келеке етіп, былай деді:

«GGG орта салмақта үш белбеуді біріктірді. Ал Райан Гарсия үш рет допинг-тестен өте алмады. Айырмашылық айқын». 3 Knockdown Rule подкастының жүргізушісі Стив Ким болса: «Райан Гарсия Канастотаға (IBHOF орналасқан қала) тек билетпен ғана бара алады», — деп қысқа қайырды.

Ал Fight Hub TV-дің тілшісі Маркос Вильегас GGG-дің спорттық көрсеткіштеріне тоқталды:

«Титулды 21 рет қорғау – бұл ақылға қонымсыз жетістік. Ал қатарынан 23 нокаут – кез келген дәуірдегі мықтылардың нәтижесі».

Райан Гарсия кейін өз пікірін «қате түсіндірілді» деп ақталғанымен, жанкүйерлер оның сөзімен келіспеді. Көпшілік Гарсияның допинг даулары мен чемпиондық белбеу иеленбегенін тағы да еске салды. 

Мамандардың айтуынша, Головкиннің кәсіби мансабындағы жетістіктер мен рекордтар оның бокс тарихындағы орнын әлдеқашан бекітіп қойған. Сарапшылардың ортақ пікірі — Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залының мүшесі болуға толық лайықты.