Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатының екінші жарыс күнін жүлдесіз аяқтады

IJF
Перу астанасы Лимада өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші жарыс күнін жүлдесіз аяқтады, деп хабарлайды Bassport.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлем біріншілігінің кезекті жарыс күнінде татамиге үш отандасымыз шықты. Алайда олардың ешқайсысы финалдық кезеңге жете алған жоқ. 73 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Омар Нұрбергенов екінші айналымда алжирлік Абдеслам Белбелхауттан жеңілді. Дильназ Досберген алғашқы белдесуде испаниялық Люсия Карпиоға есе жіберсе, 70 келіге дейінгі салмақтағы Көркем Орымбек те жапониялық Ёсино Такахасиден ұтылып, турнир жолын ерте аяқтады.
Айта кетелік, Қазақстан құрамасының еншісінде әзірге бір ғана күміс жүлде бар. Оны 57 келіге дейінгі салмақтағы бұрымдымыз Дана Әбдірова жеңіп алған болатын.