Жәнібек Әлімханұлының «абсолют» жекпе-жегі қашан өтуі мүмкін?

Ашық дереккөзінен
Орта салмақтағы барлық чемпиондық белбеулерді біріктіру үшін біраз уақыт қажет болады. Бұл – Жәнібек Әлімханұлының «абсолют» атағы үшін айқасатын уақытын да анықтайды.
Boxingnews24.com сайтының мәліметінше, алдымен Жәнібек пен WBA чемпионы Эрисланди Лара арасында кездесу өтуі ықтимал. Бұл жекпе-жек желтоқсан айына жоспарланып отыр, бірақ әзірге ресми түрде расталған жоқ. Егер Әлімханұлы жеңіске жетсе, келесі қарсыласы WBC белбеуінің иегері Карлос Адамес болуы мүмкін. Мұндай айқастың ең ерте мерзімі – 2026 жылдың көктемі.
Ал Теренс Кроуфорд орта салмаққа тек «абсолют» атағы үшін ғана шығатынын мәлімдеген. Сондықтан ол бұл процесті күтуге мәжбүр.
Сарапшылардың сөзінше, америкалық боксшы бір жылдан астам уақыт рингке шықпай қалуы мүмкін. Егер үзіліс созылып кетсе, Кроуфорд 2027 жылға дейін айқассыз қалуы ықтимал. Ол кезде оның жасы 40-қа таяйды.