Қазақстан футзалының жұлдызы Дуглас Жуниор ұлттық құрамамен қоштасты

Қазақстан футзалының жұлдызы Дуглас Жуниор ұлттық құрамамен қоштасты
Футзал

KFF

Қазақстан футзалының аңыз ойыншыларының бірі Дуглас Жуниор ұлттық құрамадағы мансабын ресми түрде аяқтады, деп хабарлайды Bassport.kz. 

Бұл туралы аяқ доп шеберінің өзі әлеуметтік парақшасында жариялады. Ол мұндай шешімді алдын ала қабылдағанын, Еуропа чемпионатына өте алмаған соң емес, отбасымен ақылдаса отырып жоспарлағанын атап өтті. 

«Әр жолдың өз соңы бар, менің құрамамен бірге өткізген кезеңім аяқталды. Он жыл ішінде мансабымның ең жарқын әрі бақытты сәттері өтті. Алғаш келген күннен бастап мені сеніммен қабылдаған бапкерлерге, командаластарға және Қазақстан жанкүйерлеріне шексіз алғыс айтамын. Қазақстан мен үшін екінші үйге айналды», – деді Дуглас. 

2014 жылдан бері Қазақстан атынан өнер көрсеткен бразилиялық ойыншы осы уақыт ішінде әлем және Еуропа чемпионаттарында маңызды рөл атқарып, ел футзалының дамуына үлкен үлес қосты. Жуниор ұлттық құраманың тарихи жеңістерінің бір бөлігі болып қала бермек және алдағы уақытта да Қазақстан үшін жанкүйер болатынын жеткізді.