Елдос Ахметов: Ұлттық құраманың жаңа бапкері таяу күндері анықталады

KFF
Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлік штабында көмекші қызмет атқарып жүрген Елдос Ахметов жақын күндері команданың жаңа бас жаттықтырушысы тағайындалатынын айтты, деп хабарлайды Bassport.kz ASnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ахметовтың айтуынша, бұл мәселе бір-екі күн ішінде өтетін жиналыста шешімін табады.
«Қалған ойындарды Нұрбол Жұмасқалиев екеумізге сеніп тапсыра ма, жоқ па – оны басшылық шешеді. Егер мүмкіндік берсе, құраманы әрі қарай алып кетуге дайынбыз. Ұлттық құраманы жаттықтыру – кез келген бапкердің арманы», – деді ол Есен Елеукенге берген сұхбатында.
Ол сондай-ақ кезінде Андрей Карповичтің Молдоваға қарсы екі ойында уақытша тізгінді ұстап, бапкерлік дәрежесін көтеріп алғанын мысал етті. «Мүмкін, Нұрбол ағамыз тағайындалатын шығар», – деп қосты Ахметов. Ал Елдостың өзі бұған дейін Станислав Черчесов пен Әли Әлиевтің көмекшісі болған.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы жыл соңына дейін үш кездесу өткізеді: 10 қазан күні Лихтенштейнмен, 13 қазанда Солтүстік Македониямен және 15 қарашада Бельгиямен сынға түседі.