«Ертіс» ойыншысы Бірінші лигада пента-трик жасады

«Ертіс» ойыншысы Бірінші лигада пента-трик жасады
Футбол

Ертіс ФК

Павлодардың «Ертіс» клубы Бірінші лиганың 23-турында SD Family командасын 7:2 есебімен ойсырата ұтты. Бұл кездесуде Еркебұлан Тұңғышбаев екінші таймның басты кейіпкері атанды.

Ойынның алғашқы жартысынан кейін павлодарлықтар 1:2 есебімен ұтылып жатқан еді. Дегенмен үзілістен соң ойын нәтижесі түбегейлі өзгерді. Тұңғышбаев бар болғаны 37 минут ішінде қарсыластың қақпасына бес бірдей гол соғып, нағыз сенсация жасады. Бұл –спортшының кәсіби мансабындағы алғашқы пента-трик. Бұған дейін ол бір ойында үш голдан артық соқпаған болатын. 

Нақтырақ айтсақ, Еркебұлан матчтың 51, 52, 53, 61 және 88-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Сонымен қатар Әбинұр Нұрымбет (59-минут) пен Тамерлан Агиманов (29-минут) та дөп соққыға өз үлестерін қосты. 

Бұл жеңіс «Ертіске» турнир кестесінде маңызды ұпай әкеліп, команданың маусымдағы сенімді ойынын тағы бір мәрте дәлелдеді.