Айдос Сұлтанғали тарихи алтыннан кейін Олимпиадаға көз тікті

Загребте (Хорватия) өткен грек-рим күресінен әлем чемпионатында қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали алтын медаль жеңіп алып, ел тарихына есімін жазды. Жаһандық додадан абыроймен елге оралған отандасымыз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Bassport.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталмыш жүлде XXI ғасырда Қазақстанға әлемдік додадан «классиктер» әкелген алғашқы алтын. Айдос бұл жеңісін – елін дүниежүзіне танытып, тарихта қалу еді деп бағалады.
«Бұған дейін екі рет қола жүлде иеленгенмін. Сол кезде көк тудың үшінші орынға ғана көтерілгенін көріп, иығымды тік ұстай алмадым. Ал туымызды жеңіс тұғырынан көргенде – мен ол сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын», – деді чемпион.
Оның айтуынша, бұл жетістік ауыр еңбек пен жарақаттарға қарамай төгілген тердің жемісі. Әлемдік сынға дайындық жоғары деңгейде өткен.
«Барлығымыз жүз пайыз дайын болдық. Жаттығу жоспары өте дұрыс құрылды. Әр белдесуде шаршаудың орнына жеңіске деген құлшыныс артты», – деп атап өтті Айдос.
Ал ең қиын қарсыласы солтүстік кореялық балуан болған. Турнир барысында басынан жарақат алғанына қарамастан, Сұлтанғали соңына дейін күресіп, шешуші алтынды иеленді. Сондай-ақ чемпион команданың ауызбіршілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа бас бапкері Қонысбек Төкенов келгелі оқу-жаттығу процесінде айтарлықтай өзгеріс болып, ұжым бұрынғыдан да ұйымшыл бола түскен. Айдос енді алдағы Азиадаға дайындықты жалғастырады.
«Әлем чемпионаты біз үшін үлкен сынақ әрі тәжірибе болды. Келесі мақсат – Азия ойындары. Ал түпкі арман – Олимпиада», – деп түйіндеді қазақстандық балуан.