Астанада хоккей қақпашыларының бапкерлері біліктілігін арттырды

Астанада хоккей қақпашыларының бапкерлері біліктілігін арттырды
Хоккей

17–22 қыркүйек аралығында Астанада хоккейге арналған JAS NOMAD республикалық бағдарламасы аясында 7–11 жас аралығындағы балалармен жұмыс істейтін қақпашылар жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру курстары өтті. 

Қазақстанның барлық дерлік өңірінен 22 бапкер жиналып, тәжірибе алмасты. Курстың алдында қатысушылар JAS NOMAD бағдарламасы бойынша онлайн оқудан өткен еді. Бұл жолы олар мұз айдынында және залда практикалық жаттығулар жасап, семинарларға қатысты.

Астананың «Барыс», №10 БЖМСМ және «Nomad» хоккей мектептерінен келген 50-ден астам жас қақпашыға жаттығу өткізіп, жаңа білімдерін іс жүзінде сынап көрді.

«Қазақстандағы хоккей мектептерінің барлығы дерлік қатысып жатыр. Ауылдық командалардың да жаттықтырушылары келгені қуантады. Бұл – қақпашыларды дайындауға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді», – деді ҚХФ балалар бөлімінің маманы Сергей Козлов.

Оның айтуынша, курс Халықаралық хоккей федерациясымен бірлесіп өткізіліп, 11 негізгі модуль және қақпашыларға арналған екі қосымша модульден тұрды.

Спикер ретінде Ресей, Беларусь және Финляндия мамандары сөз сөйледі, олардың арасында «Спартаковец» (Екатеринбург), «Авангард» (Омск) академияларының, Свердлов облысы хоккей федерациясының, сонымен қатар Беларусь хоккей федерациясының өкілдері бар.

«Атмосфера тамаша. Мұндай кэмптер балалардың спортқа деген қызығушылығын сақтап, бапкерлердің кәсіби деңгейін арттырады. Дәл осы жаста қақпашылардың негізгі дағдылары қалыптасады», – деді Беларусь хоккей федерациясының өкілі Дмитрий Томаш.

JAS NOMAD бағдарламасы Қазақстанда үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Жоба балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамытуға, заманауи әдістемелерді енгізуге және халықаралық тәжірибені жергілікті жағдайға бейімдеуге бағытталған.