«Барыс-Аренада» аншлаг: Астанада Минскінің «Динамосы» қонақта

Астанада бүгін КХЛ-дың жаңа маусымындағы басты ойындардың бірі өтеді. Жергілікті «Барыс» өз мұз айдынында Минскінің «Динамосын» қабылдайды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бұл кездесу ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені астаналық клуб соңғы маусымдағы сәтсіздіктен кейін жаңа чемпионатты сәтті бастады. Михаил Кравецтің шәкірттері қатарынан екі жеңіске жетті: алдымен Гагарин кубогының финалисі «Тракторды» овертаймда 4:3 есебімен тізе бүктірді, кейін «Амурды» буллит сериясында ұтты — 4:3.
Мұндай нәтижелерден кейін «Барыс-Аренаға» жанкүйерлер қайта ағылды, бүгінгі матчта аншлаг күтілуде. Минскінің «Динамосы» да маусымды жақсы бастаған. Алғашқы ойында «Спартакты» Мәскеуде 3:0 есебімен жеңді. Дегенмен екінші матчта «зубрлар» күтпеген жерден сүрінді. «Нефтехимикке» қарсы кездесуде алғашқы периодта 3:0 есебімен алға шыққанымен, артынша 3:4 есебімен ұтылып қалды. Қазір «Барыс» Шығыс конференциясында үшінші орында тұр, ал минскілік команда Батыста тоғызыншы орынға жайғасқан. Маусым басында қазақстандық клубтың көшбасшылары болып Кирилл Савицкий (2 гол, 1 пас) мен Динмұхаммед Қайыржан (3 пас) көзге түссе, «Динамода» ең нәтижелі ойыншы — Сэм Эннс (1 гол, 2 пас).
«Барыс» пен «Динамо» бұған дейін КХЛ аясында 33 рет жолыққан. Астаналықтар 16 рет, минскіліктер 17 рет жеңіске жеткен. Бір-бірінің қақпасына «Барыс» 92 шайба, «Динамо» 95 шайба соққан.