«Қайрат» жас қақпашыға сенім білдірді

«Қайрат» жас қақпашыға сенім білдірді
Футбол

Алматының «Қайрат» клубының жартылай қорғаушысы Валерий Громыко Қазақстан Премьер-лигасының 23-туры аясында «Ақтөбеге» қарсы өткен ойында алынған жеңіске және жас қақпашы Шерхан Қалмұрзаның өнеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz ASNews.kz-ке сілтеме жасап.

«Кездесу қиын жағдайда өтті, алайда ойын толықтай біздің бақылауымызда болды. Біз үшін ең маңыздысы – үш ұпай алу еді. Сол себепті әдемі ойын көрсетуге емес, нәтижеге жұмыс істедік. Шерханның мүмкіндіктерін жақсы білеміз және оған сенеміз. Ол бізбен бірге жаттығып жүр, бәріміз түсінеміз. Бүгін алаңға шығып, қақпаны аман сақтап қалды. Әрине, ең бастысы – Темірланға тез сауығып кетуді тілейміз. Себебі оның жарақат алған сәті өте ауыр болды», – деді Громыко.

Айта кетейік, ойынның 10-минутында қақпашы Темірлан Анарбеков қарсылас ойыншысы Уче Агбоға соқтығысып, жарақат алды. Оның орнына шыққан 18 жастағы Шерхан Қалмұрза шығып, дебюттік ойынында қақпаны сақтап қалды. Ал матчтағы жалғыз голды екінші таймда Еркін Тапаловтың дәл пасынан кейін Дастан Сатпаев соқты.