Сәтпаевтың голы жеңіс сыйлады

Футбол
Алматының «Қайрат» клубы Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында өз алаңында «Ақтөбені» жеңді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Кездесудің алғашқы бөлігінде күтпеген жағдай орын алды. 11-минутта қақпашы Темірлан Анарбеков қарсылас ойыншымен қақтығысып, жарақат алды. Ойыншы алаңнан арнайы көлікпен әкетілді. Оның орнына Шерхан Қалмырза шықты.
Ойынның тағдырын екінші таймдағы Сәтпаевтың голы шешті. 52-минутта жас аяқдоп шебері әріптесінің пасын голға айналдырып, есеп ашты. Доп қақпаның жоғарғы бұрышына дәл тиді. Қалған уақытта есеп өзгермей, матч 1:0 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталды.
Бұл жеңістен кейін алматылықтар 49 ұпайға жетіп, турнирлік кестеде көшбасшылар қатарында қала берді. Ал «Ақтөбе» 39 ұпаймен төртінші орында тұр.