Жәнібек Әлімханұлына Маккенадан шақыру түсті

Stan.kz
Орта салмақтағы қазақстандық қос чемпион Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 КО) ирландиялық боксшы Аарон Маккена (20-0, 10 КО) ресми түрде жекпе-жекке шақыру жасады, деп хабарлайды Bassport.kz.
— «Біз — орта салмақтағы ең көп айналып өтетін екі боксшымыз. Біз екеуіміз ғана кез келген қарсыласпен айқасуға дайынбыз. Олай болса, осыны жүзеге асырайық», — деп жазды Маккена әлеуметтік желіде.
Ол өз жазбасында Әлімханұлын, сондай-ақ боксқа ірі қаржы құйып жүрген саудиялық инвестор Турки Әл аш-Шейхті және The Ring журналын белгілеген.
Айта кетейік, «Тыныштандырғыш» лақап атымен танылған Маккена өзінің соңғы кездесуін сәуір айында Лондонда өткізіп, бұрынғы әлем чемпионы британдық Лиам Смитті (33-5-1, 20 КО) төрешілердің бір ауыздан шыққан шешімімен жеңді.
Ал сол айда Астанада өткен бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы франциялық, Конго тектес боксшы Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 КО) бесінші раундта нокаутпен ұтып, WBO және IBF чемпиондық белбеулерін сәтті қорғаған болатын.