Түркістан облысында дзюдо күресін дамытуға арналған шеберлік сабағы өтті

Түркістан облысында дзюдо күресін дамытуға арналған шеберлік сабағы өтті
Дзюдо

Түркістан облысында дзюдо күресін кеңінен насихаттап, жас спортшылардың шеберлігін арттыруға бағытталған ауқымды шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

Іс-шара Төлеби ауданындағы заманауи «Бәйшешек» спорттық-сауықтыру кешенінде өтті. Бұл кешен бүгінде облыстағы бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға арналған маңызды орталықтардың біріне айналып келеді.

Шараға өңірдің жас дзюдошылары мен бапкерлері қатысты. Шеберлік сабағын дзюдо күресінен ересектер арасындағы облыстың аға жаттықтырушысы Марат Файзиев пен оның шәкірті әрі ұлы – Азия ойындарының чемпионы, үш мәрте Олимпиада қатысушысы Дидар Хамза өткізді. Олар қатысушыларға халықаралық деңгейде сыналған тәжірибелерін ұсынып, татамиде түрлі техникалық әдістерді үйретті.

Дидар Хамза өзінің шетелдік жарыстардағы тәжірибесін бөлісіп, жапондық дзюдошылар жиі қолданатын ұтымды тәсілдерді көрсетті. Ал Марат Файзиев әріптес бапкерлерге оқу-жаттығу процесін тиімді ұйымдастырудың қыр-сырын түсіндіріп, дайындық барысында назар аударатын негізгі аспектілерге тоқталды.

Айта кетейік, дәл осы күндері «Бәйшешек» кешенінде облыстың 23 жасқа дейінгі дзюдошылары оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Бұл жиынның басты мақсаты – спортшыларды алдағы 18–21 қыркүйек аралығында Алматы облысында өтетін жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына тыңғылықты дайындау.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, мұндай шеберлік сабақтары Түркістан облысында спортты жүйелі түрде дамытуға, бапкерлердің кәсіби деңгейін көтеруге және жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге септігін тигізеді. Шараға қатысқан жаттықтырушылар мен спортшылар бұл кездесудің пайдалы әрі нәтижелі болғанын атап өтті.

Түркістан облысы соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударып келеді. Өңірде жаңа спорт кешендері салынуда, халықаралық стандартқа сай залдар ашылуда. Бұл бастамалар жергілікті жастарды спортқа тартуға, олардың кәсіби шыңдалуына мүмкіндік беріп отыр.