Роман Иванов: «Шаңғымен сырғанап келіп, бассейнге секіреміз»

Роман Иванов: «Шаңғымен сырғанап келіп, бассейнге секіреміз»
Басқа

Роман Иванов – фристайл акробатикадан жұптасып секіру бойынша Азия ойындарының чемпионы. Алдағы маусымға оқу-жаттығу жиындарына Швейцарияға аттанғалы тұрған спортшыны азды-көпті әңгімеге тартқан едік.

- Роман, Азия ойындарындағы алтын жүлдеден кейін көпшілік сізді көшеде тани бастады ма? Не өзгерді?

- Иә, тани бастады. Қытайдан елге қайтып оралғанда жақсы қарсы алды, әсіресе туған қалам Павлодарда маған деген көңіл жақсы болды. Себебі спорттағы жолым басталған қала, менің мектепте бірге оқыған достарым мен туыстарым бәрі сол қалада ғой.

- Яғни Павлодарда фристайлмен айналысатын жағдай бар ғой?

- Бар, кішкентай спортшыларға жағдай жасалған. Мен төрт жасымда негізі акробатикадан бастағам, он бірге келгенде фристайлдан бапкер өзіне шақырды, содан міне 12 жыл болды осы спортта келе жатырмын.

- Сонда фристайл сізге несімен қызықты болды? Спорттың мүлде басқа түрі ғой. Қорыққан жоқсыз ба?

- Біріншіден акробатиканың жазғы спорт екенін айта кетейін, ылғи да спортзалда жүресің, ал фристайл қысқы спорт түріне жатады. Өзім бала кезімде өте тоңғақ болдым. Бірден үйреніп кету қиын болды. Мен тіпті бұл қандай спорт екенін де білген жоқпын. Тек акробатикасы бар екенін білем. Мені шақырған бапкер жерлес, павлодарлық спортшының сырғанап барып секіріп ауада элементтер істеп жатқан видеосын көрсетті. Бала көңілім сол сәтті ұнатты ау деймін, келістім. Алғашында қорқыныш болды. Себебі екі түрлі техника. Екі түрлі спорт. Негізі фристайлға батуттық гимнастика ұқсас келеді. Басында түсініксіз сезімде жүрдім, кейін үйреніп, жақсы көріп кеттім.

- Фристайлға дейін шаңғы тебетін бе едіңіз?

- Жоқ, келгеннен кейін үйрендім.

- Жалпы фристайл акробатикада шаңғы тебе алу қаншалықты маңызды?

- Бізге кәнігі шаңғышылар секілді шаңғы тебу керек емес, бірақ секіргеннен кейін жерге қонатын уақытта сенің шаңғы тебе алуың өте маңызды. Тепе-теңдік ұстап, құламай өз аяғыңмен тік тұру бірінші орында болу керек. Сол үшін жаз айларында біз суда, яғни бассейнда жаттығамыз. Аяқта шаңғы, секіреміз де бассейн суына қонамыз. Қазір біз дәл сондай судағы жаттығуларды пысықтау үшін шет елге дайындыққа кетіп барамыз.

- Фристайлды бірнеше спорттың қосындысынан туған деп айтуға бола ма?

- Болатын шығар, себебі дайындық кезінде суға секіреміз, шаңғы тебеміз және ауада әдемі акробатикалық элементтерді істейміз. - Фристайл акробатикадан жақсы спортшы болу үшін адамда қандай қасиеттер болуы керек?

- Бұл спортта сабырлы болу өте маңызды. Себебі биікке секіріп, ауада бірнеше рет айналып, жерге құламай түсу қажет. Ал ондай маңызды істің алдында сабыр сақтап, жинақы болу шарт. Біздің спортта спорттық мінез көрсету деген жоқ. Әдетте ондай мінез көрсететін адам тізімнің соңынан орын алады. Фристайл акробатиканы психологияға жақын спорт дер едім. Өте зор шапшаңдықпен биікке ұшып, ауада әр түрлі қимыл қозғалыс істеу өте қорқынышты. Ал спортшы өзіне сенімсіз болғанда ғана қорқады ғой. Содан кейін әрине жақсы секіру мүмкін емес. Бізде салқынқанды, сабырлы болу маңызды.

- Азия ойындарына келсек, Қытай спортшыларымен жарысу қиын болды ма?

- Шынымды айтсам біз қарсыластарымыздың қалай секіргенін қарамаймыз. Біздегі мақсат – секіріп барып тұра қалу, яғни фристайл тілімен айтсақ аяғыңда қалу. Шерзотты мен ұлттық құрамаға мүше болған кезден бері білемін. Биыл міне жеті жыл болды. Оқу-жаттығу жиындарында бірге тұрамыз, доспыз. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Бірақ сол жарысқа дейін синхронды секіруде бірге ешқашан жұп болып секірмеген екенбіз. Харбинге келгеннен кейін бапкеріміз синхрон секіресіңдер деді. Сол уақыт аралығында дайындалып, үйлесіп кеттік. Жұптасып секіруде бастысы – жаныңдағы әріптесіңнің әр қимылын сезіну. Көзіңнің қиығымен қарау, сабыр сақтау ғой. Сол күні Шерзод екеуіміз барымызды салдық, тырыстық. Соған сай жақсы бағаны да алдық. Қарсыластармызға қарағанда қимылдың үйлесімдігі мен ауадағы элементтеріміз әдемі шықты деп ойлаймын. Жоғарыдағы әдемілік те жақсы баға алуға көмектеседі.

- Олай болса фристайлды спорттың субьективті түріне жатқызуға бола ма?

- Мен ол жағын ешқашан ойлаған емеспін. Менің міндетім – жаттығуды жақсы істеп шығу. Төрешілерге саған мін тағуға себеп бермесең, өзіңе тиісті жақсы бағаны мүндетті түрде аласың деп ойлаймын.

- Талай әлемдік додаларға қатысып жүрсіз. Ерекше есте қалған сәттер бар ма?

- Біздер жарысқа көзілдірік киіп шығамыз. Аязды күндері көзілдіріктің ішкі жағы буланып, жоғары секірген кезде желмен ол қайта кеуіп кететін. Бір жолы неге екенін білмеймін солай буланған «әйнек» жоғары жақта да солай тұра берді. Ештеңе көрмей қалдым. Сол бойы тек ішкі сезіммен ғана жерге қонғаным бар. Енді бір қызық жағдай қатты тұман кезінде болды. Фристайл акробатикада жаттығуды бапкерің секір деп дауыс бергенде ғана бастаймыз. Сол күні тұман, оның қолын сермегенін көрмей қалдым. Бірақ дауыстап айтқандай болды. Сөйтсем ол жанындағылармен сөйлесіп тұрғандағы дауысын естіпғ мен секір деп түсініп қалыппын. Солай сырғанай жөнелдім. Төменде, түсетін алаңда адамдар тұр екен, абырой болғанда бәрі жақсы аяқталды. Ешкімнің үстіне құлаған жоқпын, ешкім жарақаттанып қалған жоқ.

- Жарақат демекші, фристайл акробатикада ондай жағдайлар көп болып жатады. 2022 жылғы тізеңіздің жарақатынан кейін қайта секіруге келгенде қорқыныш болды ма?

- Әрине болды. Бірақ ішімнен «Роман, бәрі өтті-кетті, ота жасаттың, аяғың ауырмайды, қазір бәрі жақсы» деп өзіме-өзім басу айтқанмын. - Фристайлдың жанкүйерлер біле бермейтін тағы қандай қызық тұстары бар? - Мысалы біз ауада элеметтерді істеп жатқан кезде төменде тұрған бапкер жерге дейін қанша қалды, басқа да не істеу керегімізді айтып тұрады. Спортшының жерге секіріп түскен сәтінде соққы қатты болмау үшін, түсетін жердің қарын қопсытып қояды. Міндетті түрде сырғанауды бастауға аттандыратын маман болады. Тізіп айтатын болсақ көп секілді.

- Роман, осындай жетістікке жетуге қандай қасиеттеріңіз себеп болды деп ойлайсыз?

- Темірдей тәртіп. Тәртіп сақтаған кезде жетістікке жетуге болады. Кішкентай кезімнен бастап ешқашан да сабаққа кешіккен емеспін. Жаттықтырушының айтқанын бұлжытпай орындайтынмын. Қазір де солай. «Бізді ұйқыдан оятатын сағат қоңырауы емес, бізді оятатын – өз арманымыз» деген ел аузында жүрген сөз бар ғой. Арманың жүзеге ассын десең тәртіп керек, еңбектену керек. Ал спортшының арманы – жеңіс. Жеңіс тәртіппен ғана келеді.

- Жеңістің ең жоғарғы тұғырында тұрып әнұран шырқаған қандай екен?

- Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ерекше сезім, өзім үшін емес, елім мен командама пайдам тигені үшін қуандым. Әр спортшыға тілейтінім осы сезім.

Әңгімелескен Лилиана Әлжанова