Алматыда Денис Теннің құрметіне көше атауы беріледі

AFLO SPORT
Қазақстандық спорт жанкүйерлері үшін маңызды жаңалық — енді Олимпиада жүлдегері, әлемге әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімі туған қаласы Алматының картасында ресми түрде тіркеледі. Бұл шешім Алматы қаласы мәслихатының кезекті сессиясында қабылданды.
Қалалық тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбеттің мәліметінше, спортшының есімі Алматының Бостандық ауданындағы 7-ші көшеге беріледі. Аталған көше Президент саябағының жоғарғы бөлігінде, Үлкен Алматы өзенінің бойында орналасқан. Ұзындығы шамамен 800 метрді құрайды.
Көше атауын өзгерту — 2025 жылға жоспарланған қаланың жол картасына сәйкес іске асырылып жатқан жобаның бір бөлігі. Жол картасы аясында мегаполистегі 156 атаусыз көшеге атау беру қарастырылған.
Денис Тен – қазақ спортындағы қайталанбас тұлғалардың бірі. Ол мәнерлеп сырғанауда Қазақстан атынан алғаш рет Олимпиада жүлдесін иеленіп, ел тарихында жаңа парақ ашты. 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алды, ал одан бұрын — 2013 жылғы әлем чемпионатында күміс, 2015 жылы қола медаль иеленді. Сол жылы Төрт құрлық чемпионатында топ жарып, Азия ойындарының чемпионы атанды. Қазақстанның бес дүркін чемпионы ретінде де ол спорт әлемінде өз орнын айқындап үлгерді.
Енді оның есімі туған қаласы Алматының көшесінде мәңгі сақталмақ.