«Қайрат» жанкүйерлері дүрлікті: негізгі қақпашы назардан тыс қалды ма?

«Қайрат» жанкүйерлері дүрлікті: негізгі қақпашы назардан тыс қалды ма?
Футбол

Қайрат ФК

«Қайрат» клубының қақпашылары соңғы апталарда футбол жанкүйерлерінің назарында жүр. Шерхан Қалмұрза «Реал» мен «Спортингке» қарсы ойында сенімді өнер көрсетсе, Темірлан Анарбеков «Селтикпен» өткен кездесуде пенальти сериясында қаһарманға айналды. Олардың ерлігіне кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, қос қақпашыға автокөлік сыйлады. 

Дегенмен, әлеуметтік желілерде бұл жағдай қызу талқыланып жатыр. Жанкүйерлердің көп бөлігі негізгі қақпашы Александр Заруцкийдің еңбегі еленбей қалғанын алға тартуда.

31 жастағы қақпашы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Слованға» қарсы шешуші пенальти сериясында командасын алға сүйреп, жалпы сегіз матчтың жетеуінде қақпаны күзеткен еді. Оның тұрақты ойыны болмаса, алматылық клубтың Еуропадағы жолы қысқа болар еді деген пікірлер жиі айтылуда:

«Заруцкий болмаса, біз әлдеқашан сүрінер едік”, “Дәл осы қақпашының арқасында Анарбеков пен Шерханды да танып отырмыз, еңбегі еленуі тиіс”, “Бәрін қоя берші, Александр Заруцкийден обал! Негізі бүкіл атақ-абырой соныкі еді ғой. Тағдырға жазбаса қиын екен. Бір кем дүние”», – деп налыды халық.

Заруцкий «Селтикпен» өткен алғашқы кездесуде жарақат алып, ұзақ уақыт алаңнан тыс қалды. Алайда соңғы мәліметтерге сүйенсек, ол жақын арада жасыл алаңға қайта оралуы бек мүмкін.

Қалай болғанда да, әлеуметтік желідегі пікірталас «Қайраттың» қақпашылары арасындағы тепе-теңдікті тағы бір мәрте айқындап бергендей.