Қазақ жастары армрестлинг тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді

Ашық дереккөзден
Болгарияда өткен ересектер арасындағы армрестлинг бойынша әлем чемпионатында Қазақстан жас спортшылары керемет нәтижеге қол жеткізді.
Солардың ішінде 16 жастағы Ұлболсын Елмурат өз салмағында жеңімпаз атанып, жанкүйерлерді таңғалдырды. 60 келіге дейінгі финалдық бәсекеде Ұлболсын 13 дүркін әлем чемпионы, Словакия өкілі Люсия Дебранованы алғашқы секундтардан-ақ үстелге жықты. Ал жеңіс тұғырына көтерілген сәтте әнұранымыз шырқалып, жас чемпион қуаныштан жылап қалды.
Мұнымен жүлде тоқтап қалған жоқ, аталған додада ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте тарихтағы ең ірі жетістікке қол жеткізді. Бір отбасынан шыққан Бекнұр (14 жаста), Азамат (15 жаста) және Әділет (18 жаста) Ибрагим өз салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы атанды.
Сондай-ақ 16 жастағы Нұрсұлтан Алдан мен 18 жастағы Ырысты Оразхан алтыннан алқа тақты. Ырысты да шешуші кезеңде Швецияның 11 дүркін чемпионы Фия Рейсекті айқын басымдықпен жеңіп, көпшілікті алып күшімен сүйсіндірді.
Осылайша, қазақ жастары армрестлинг тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, ел мерейін асқақтатты.