Асу Алмабаев UFC-дегі жекпе-жегінің алдында мәлімдеме жасады

Жекпе-жек
Қазақстандық файтер Асу Алмабаев 26 шілдеде өтетін UFC on ABC 9 турниріндегі жекпе-жек алдында пікір білдіріп, қарсылас ауыстырылуына қатысты көзқарасын айтты, деп хабарлайды Bassport.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін ол өзбекстандық Рамазан Темировпен кездесуі тиіс болған, алайда Темиров допингке қатысты жағымсыз сынамаға ілігіп, турнирден шеттетілді. Оның орнына Перу өкілі Хосе Очоа шықты.
«Шынымды айтсам, Темиров жекпе-жектен шығып қалғанына қатты ренжіген жоқпын. Ең бастысы – қарсыласым бар. Мен кез келген қарсыласқа дайынмын, жаттығуымды үздіксіз жалғастырып жатырмын. Сондықтан да, бастысы – маған қарсылас табылды, енді айқасуға болады», – деді Алмабаев баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, Асу наурыз айында Манел Капеден жеңілгеннен кейін командасымен бірге жұмыс жүргізіп, кеткен қателіктерді толық талдағанын жеткізді.
«Әр жеңіліс – сабақ. Біз соңғы жекпе-жекті мұқият қарап, қателіктерді анықтадық. Барлығын түзетуге тырыстық. Енді алдағы жекпе-жекте сол жұмыстың нәтижесін көрсетуге тырысамын», – дейді файтер.
Айта кетейік, Асу Алмабаев пен Хосе Очоа арасындағы жекпе-жек 26 шілде күні Абу-Дабиде өтетін UFC on ABC 9 турнирінің аясында ұйымдастырылады.