Қазақстандық дзюдошы Моңғолиядағы Grand Slam турнирінде жүлде үшін күреседі

Қазақстандық дзюдошы Моңғолиядағы Grand Slam турнирінде жүлде үшін күреседі
Дзюдо

IJF

25 шілде күні Улан-Батор (Моңғолия) қаласында дзюдодан халықаралық Grand Slam сериясындағы турнир басталды. Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасынан финалдық блокқа бір ғана спортшы шықты, деп хабарлайды Bassport.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бауыржан Нарбаев жүлдеге бір қадам қалғанда тоқтап, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Ол шешуші белдесуде моңғолиялық дзюдошы Баттогтох Эрхембаярмен татамиге шығады.

Өкінішке қарай, осы салмақта өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық дзюдошы Ержан Еренқайыпов жарысты бірінші айналымда аяқтады.

Сондай-ақ, 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Талғат Орынбасар мен Нұрәділ Әлжан да жарыстың алғашқы айналымынан аса алмады.

Әйелдер арасында 52 келіде күрескен Толғанай Абеуова жұбаныш белдесуіне дейін жетіп, онда Қытай спортшысы Юйхон Яоға жол берді.