Черчесовтың жалақысы 72 қызметкердің жалақысынан көп болған

ҚФФ
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов пен қазіргі бас жаттықтырушы Әли Әлиевтің жалақы айырмашылығына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ҚФФ-ның бас хатшысы Давид Лория Sport Pulse подкастында мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Лорияның айтуынша, қазіргі бапкерлік штабтың жұмысына жұмсалатын қаржы бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайған.
«Черчесов пен оның үш көмекшісінің жалақысы қазір 72 қызметкерге төленетін жалпы қордан да көп болған. Қазіргі таңда бұл 72 адамның ішінде 40-тан астам жаттықтырушы бар. Олар әртүрлі деңгейдегі ұлттық құрамаларда жұмыс істейді. Бірақ осының бәріне кететін жалақы көлемі сол төрт маманның жалақысынан төмен», – деді Лория.
Еске салайық, ресейлік маман Станислав Черчесов 2024 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған еді. Оның басшылығымен команда алты ойынның бірінде де гол соға алмады және Ұлттар лигасындағы тобында соңғы орынға ие болды.
2025 жылдан бастап ұлттық құраманы отандық маман Әли Әлиев басқаруда. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу аясында Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңіп, бірақ Уэльспен (1:3) және Солтүстік Македониямен (0:1) өткен матчтарда ұтылып қалды.